Оны Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бүгін Алматыда Конституция мерекесіне арналған шара кезінде айтты.
«Әр халықтың мемлекет болып туын көтеріп, іргесін бекіткен кезде оның өмір сүру салтын, ғұрпын, адами қарым-қатынасын және жалпы адамдардың қоғамдағы орнын анықтайтын ұлы заңы болады. Ол заңды біз соңғы 20 жылдан астам уақыттың ішінде Ата заң деген атпен атап жүрміз. Ал халықаралық стандарттағы аты - Конституция. Қазақстан деген тәуелсіз қазақ елінің ең бір жарқын көрінісі осы бас, негізгі заңынан байқалады», - дейді ақын, драматург Н.Оразалин. Біздің қазіргі Конституциямыз 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Ал алғашқысы 1993 жылы қабылданған болатын. Нұрлан Мырқасымұлының айтуынша, бұл халықтың жүрегінің қалауымен, қолдауымен қабылданған заң. Осы заңды біз жыл сайын елдің туған күні ретінде ел сенімінің, ел нанымының және елдің ішкі мемлекеттік құрылымының беріктігін дәлелдейтін күн ретінде атаймыз. Сондықтан бұл ерекше үлкен ұлттық мереке. Конституцияда ең басты құндылық - адам. Халық тәуелсіздігі үшін қалай қуанса, сол тәуелсіздікті қамтамасыз ететін Ата заңымыздың туған күнінде солай қуану керек.