Халық тауқыметі ешқашан қайталанбас үшін ашаршылық нәубетін мәңгі есте сақтауымыз керек - Д. Назарбаева

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат -Халық тауқыметі ешқашан қайталанбас үшін ашаршылық нәубетін мәңгі есте сақтауымыз керек.

Бүгін Парламент Мәжілісінде Қазақстандағы жаппай ашаршылыққа 80 жыл толуына байланысты өткен дөңгелек үстел барысында депутат Дариға Назарбаева осылай мәлім етті.

 «1920 жылдың аяғы мен 1930 жылдың басында ашаршылық нәубеті Кеңес одағы республикаларындағы миллиондаған адамның өмірін қиды. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында бұл өте ауыр азапты кезең болды. 40 пайыз қазақ аштықтан көз жұмса 600 мыңнан астам адам елден тысқары кетті. Ашаршылық апатына ұшырамағанда қазақ саны 45-50 млн.-ға жетуші еді. Ендеше осы мәселені тебіреніссіз жеткізу қиын», - деді Д. Назарбаева.

Сонымен қатар, депутат ХХ ғасырда қазақ халқы бұрын-соңды көрмеген тауқыметке, қоныс аударуға, аштыққа қуғын-сүргінге соғысқа душар болды.

«Ғасыр басында үйреншікті өмір салтын жоғалтып, ғасыр соңында ең басты құндылығы тілі мен мәдениетінен қазақ халқы айырыла жаздады. Дәл осы себептен біз тәуелсіздікті ұлтты сақтау мен жаңғыртудың түп негізі деп білеміз. Бұл мемлекеттілікті жаңғыртуға елдің өз еркімен даму қабілеттілігін дәлелдеуге тарихи мүмкіндік берілді», - деді Д. Назарбаева.

Сөз соңында депутат өткеннің қайғылы қасіретін еске алумен қатар, сол арқылы келешекті де ойлау керектігіне тоқталып өтті. «Ел болашағы бізді ажырататын емес, біріктіретін тарихи зерденің сенімді негізінде қаланады. Бүгін ол Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностарға ортақ зерде. Бүгін әрбір қазақтың, әрбір қазақстандықтың жүрегінде қайғы дүрсілі соғып, көкірегін қасірет кернеп отыр.  Біз осынау нәубетті халық тауқыметі ешқашан қайталанбас үшін есте сақтаймыз! Өмір сүру және алға қадам басу үшін есте сақтаймыз! Мәңгі есте сақтаймыз!», - деді Д. Назарбаева.