«Егемен Қазақстан» газетінің алғашқы бетінде «Жазғы бидайға орақ түсті» деген тақырыппен шағын мақала жарық көрді. Мұнда Сыр өңіріндегі дәнді дақылдардың егіс көлемі, суғарылуы, өнім мөлшері, техникалардың дайындығы, дизель отынымен қамтамасыз етілуі баяндалған.
Сонымен қатар осы бетте Астана велошабандоздарының әлемді таңдандырған жеңісіне Елбасының құттықтау жолдағаны айтылған.
Басылымда таралымы 2 миллион 731 мыңнан асатын «Аргументы и факты» апталығының жуырда жарық көрген санындағы «Халықаралық агенттіктер мен қорлар Қазақстанның келешегіне жоғары баға беруде» атты мақала тәржімаланып, жарияланған.
Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балалардың қадағалаусыз қалуының профилактикасы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің жауапкершілігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы газеттің 3-4-ші беттерінде жарияланған.
Осы газетте жазушы Дүкенбай Досжанның «Қара шаңырақтың киесі» атты эссесі бар. Эссе техника ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академияның академигі Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлына арналған.
«Әлем жаһандық апат алдында тұр. Мұсылман қауымы үшін атының өзі жиіркенішті осы індет әу баста Атлант мұхитының ар жағында пайда болғанымен, бүгінде Еуразия құрлығының тұрғындарын жайпап жатыр. «Доңыз тұмауы», әсіресе, «Тұманды Альбионда» құтырынып, ағылшындарға қаһарын төгуде», бұл туралы «Айқын» газетінде жарық көрген «Жаһанды жаналқымынан алған жаңа індет» атты мақалада айтылған. Мақалада аурудың саны Қазақстанда 13-ке жеткені, осыған орай Үкіметте жиын өтіп, арнайы кеңес құрылғаны, алдын алу шаралары жүріп жатқандығы айтылған.
Осы басылымда «Бұл дағдарыс қазіргі Үкіметпен бірге аяқталмайды» деген тақырыппен Қазақстан Даму институтының президенті, экономика ғылымының докторы Мағбат Спановпен арадағы көлемді сұхбат жариялаған. Сұхбат халықтың қаржылық сауаты, биржалық сауда-саттықтың болашағы, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмыс нәтижелері, Елбасының жедел индустрияландыруға бетбұрыс жасау жөніндегі тапсырмасы, әлемдік дағдарыс сияқты маңызды мәселелер төңірегінде өрбіген.
Сонымен қатар басылым Маңғыстау темір жол бөлімшесінде алғаш рет темір жол саласына қарасты барлық кәсіподақ комитетінің басшылары бас қосқанын жазған. «Өлкеде екі-үш күндік жұмыс сапарымен болған қонақтар келген мақсаттары бойынша бірқатар нысандарды аралап көріп, маңғыстаулық теміржолшылардың әлеуметтік жағдайларымен танысты және олардың жұмыс тәжірибесімен ой бөлісті», дейді басылым тілшісі. Осы басқосу барысында 2004 жылы 600 шақырымдық Ақтау - Құлсары теміржол желісі арасында көлемдік өлшемдері бойынша әлемдік тәжірибеде болмаған жүктерді тасыған рекордтық оқиға жөнінде және осы күрделі тасымал Гиннестің рекордтар кітабына енгізілуге ұсынылғаны айтылған.
«Астана ақшамы» газеті де Қазақстан халқын алаңдатқан доңыз тұмауына қатысты мақала берген. Басылым тілшісі доңыз тұмауы деген не, дерт қай елдерде кездеседі, аурудың алдын алу үшін Үкімет қандай шаралар қолданып жатыр деген сауалдарға жауап іздеген. «Бір ғана түшкіріктен 100 000 тамшы ауаға таралады екен. Осы тамшылар есіктің тұтқасына, лифтідегі түймелерге, дүкендегі арбалардың тұтқаларына, яғни қолыңыз тиген барлық жерге жабысып қалады. Ұлыбританиялық ғалымдар бір метро стансысындағы жолаушылардың 10 пайызының осы дертке шалдығуы үшін адамның бір ғана түшкірігінен таралатын вирустар жеткілікті екенін анықтаған», дейді газет тілшісі.
Аталған басылымның бүгінгі санында «Айналайын» атты балалар қосымшасы жарық көрген. 4 беттік қосымшада базарда толып тұрған сан түрлі ойыншықтардың сапасы, бағасы, бала психологиясына әсері төңірегінде шолу жасалған. Сондай-ақ ертегілер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер және ата-аналарға арналған пайдалы кеңестер берілген.
Газеттің соңғы бетінде Астанадағы Жастар театрының директоры, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Ғани Құлжановпен арадағы сұхбат «Менің бар байлығым - актерлік мамандығым» деген тақырыппен берілген. «Бәрін бағындырдым десем, ары қарай өмір сүрудің қажеті не? Кейде Жастар театрының әртістеріне қарап отырып, олардың талантына, шеберлігіне тәнті боламын. Солардың жас шамасы, ары кетсе 24-25-те ғана. Қызығып, кейде қызғанып та қараймын», дейді Ғани Құлжанов.