Халықаралық Алматы марафонына қатысушыларды тіркеу басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Халықаралық Алматы марафонына қатысушыларды тіркеу басталды. Бұл туралы аталмыш шараны ұйымдастырушы комитеттің баспасөз қызметінен хабарлады. Бүгін, яғни 20 тамыздан бастап www.almaty-marathon.kz ресми сайтында 2015 жылдың 15 сәуіріне дейін он-лайн тіркеу рәсімі жүретін болады.

«Жылдан жылға «Алматы марафоны» қайырымдылық шарасы көптеген ниеттес және патриот адамдарды өз бауырына тартуда. «Бірінші болу - батылдық» ұранымен төртінші рет өткізілгелі отырған Марафонға қатысушылар 3 км, 10 км, 21 км, және 42 км 195 метр қашықтықтарға жүгіреді. Алдағы марафонға жалпы 15 000-нан астам адам жиналады деп күтілуде. Сонымен қатар, корпоративтік командалар үшін «Экиден» марафон эстафетасы өткізіледі», - делінген хабарламада.

Ереже бойынша, марафонға алдын-ала бастапқы жарна төлеген 10 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Ең төменгі бастапқы жарна - 1500 теңге екендігін естеріңізге саламыз. Жыл сайын Алматы марафонына қатысушылардан жиналған қаражаттың барлығы ірі қайырымдылық жобаларды қолдауға жұмсалады. Мысалы, бұған дейін өткен марафондардың арқасында ауыр науқасқа шалдыққан үш кішкентай қазақстандықтың аса қымбат ем алу шарасы төленді, сонымен қатар Алматыда балалардың сал (ДЦП) ауруына шалдыққан балалардың қоршаған ортаға бейімделуіне арналған шағын акватория салынды. Алматы марафонының ұйымдастырушы комитеті жиналған қаражатты мақсатқа сай пайдаланғаны және олардың қалай жұмсалғаны бойынша құжаттарды ұсынуға кепілдік береді.

Марафон нәтижелерін тіркеу Қазақстан үшін бірегей MyLaps атты әрбір қатысушыны бақылау және оның жүгіру уақытын есептейтін жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе халықаралық стандарттарға толық жауап береді.

Айта кетелік, «Бірінші болу - батылдық» Алматы марафоны - Алматы қаласының әкімдігі, ҚР жеңіл атлетика федерациясы және World Class Almaty фитнес-клубының қолдауымен 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық спорт шарасы. 2013 жылдың аяғында Алматы марафоны Марафондар мен жүгірулердің халықаралық қауымдастығының (AIMS) мүшесі болып, әйгілі Бостон, Амстердам, Нью-Йорк және т.б. марафондардың дәрежесіне көтерілді.