«Халықаралық бағдарламалар орталығы» мен «Арна медиа» ұлттық ақпараттық холдингі» арасында меморандумға қол қойылды

sp;АСТАНА. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада «Болашақ түлегі-2009: әлеуетті игеру» форумы аясында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы «Арна медиа» ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ-мен және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-мен меморандумға қол қойды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, бұл меморандумдар «Болашақ» бағдарламасы түлектерін жұмысқа орналастыруға ықпал ететін бірлескен шаралар тұрғысында жүзеге асырылып отыр.

 «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Бектұрсын Қалдаевтың айтуынша, биылғы жылы 900-ге жуық «Болашақ» бағдарламасының түлектері оқуларын аяқтап, елге оралады деп күтілуде. Сонымен бірге, 2010 жылы да 800-ден астам түлек Қазақстанда жұмысқа орналасуға келетін болады. «Бағдарлама аясында білім алғандардың барлығы бүгінде жұмыспен қамтылуда. Олар мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда, сондай-ақ мемлекеттің қатысуымен жасақталған түрлі компанияларда қызмет атқарады», деді ол.

Білім және ғылым министрлігінің даму стратегиясы департаментінің халықаралық бағдарламалар басқармасының бастығы Ақерке Абылайханның сөзіне қарағанда, бүгінгі форумға 300-ден астам «Болашақ» түлектері және 93 жұмыс беруші  ұйымдарының, ұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың өкілдері  қатысып отыр. Форум барысында жұмыс берушілерге бағдарлама түлектері жайлы жинақталған ақпараттар таратылады. Сонымен бірге  шетелде білім алып жатқан студенттер туралы мәліметтер де беріледі.

«Атап айтқанда, осы форум жұмыс берушілер мен «Болашақ» түлектері арасында байланыс жасау мақсатында ұйымдастырылып отыр», деді ол.

Шара аясында бос орындар бойынша көрме өткізілетін болады.