Халықаралық банк Қазақстанда жұмыс орындарын ынталандыру жобасына 100 млн доллар бөлмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Аталған келісім 2015 жылдың 20 шілдесінде Астана қаласында жасалған.

Келісімнің мақсаты - жұмыспен қамту мен нысаналы бенефициарлардың еңбек дағдылары саласындағы нәтижелерді жақсарту мен техникалық және кәсіптік білім берудің, оқытудың және жоғары білім беру бағдарламаларының өзектілігін арттыру. Бұл ретте жобаның құны 137 млн АҚШ долларын құрайтын болады, оның ішінде қарыздарды республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру 37 млн. доллар, ал сыртқы қарыз 100 млн. долларды құрайтын болады. Жобаны 2020 жылдың 30 маусымына дейін аяқтау жоспарланған.

Яғни, Келісімге сәйкес, Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі Қазақстанға Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жобаны қаржыландыруға 100 млн АҚШ доллары сомасында қарыз беретін болады.

Қарызды өтеу мерзімі бес жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 19 жылды құрайды. Бұл ретте төленуге тиіс біржолғы комиссия қарыз сомасының 0,25 пайызын құрайтын болады.

Жобаны іске асыру тәуелсіз бағалау жүйесін және біліктілікті сертификаттауды енгізуді және жетілдіруді көздейді. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту қызметтерін жақсартуды, еңбекке қабілетті халықты оқып-үйретуге қолжетімділікті кеңейту қарастырылады.