Халықаралық банк Қазақстандағы сот төрелігін нығайтуға 36 млн. доллар қарыз береді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту жобасы) ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Қазақстан мен Халықаралық банк арасындағы келісімнің мақсаты сот төрелігі секторы негізгі ұйымдарының институционалдық мүмкіндіктерін және операциялық тиімділігін арттыру болып табылады. Жоба аясында сот төрелігі секторының құқықтық және институционалдық базасының негізгі элементтерін іске асыруды нығайту, ҚР Әділет министрлігі көрсететін қызметтердің сапасын және жеделдігін арттыру, судьялардың тиімділігі мен кәсібилігін көтеру шаралары көзделеді.

«Жалпы жоба мемлекеттік құқықтық саясатты жүзеге асыратын мемлектетік органдар мен ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталады. Еліміздің құқықтық саясатын жүзеге асыруға да жәрдемдеседі. Келісім ұлттық мүдделерді, мойындалған халықаралық тәжірибелерді есепке алады», - деді Әділет министрі Берік Имашев.

Жоба бес жылға арналған, яғни 2018 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады, ал Қарызды өтеу мерзімі - он жыл. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.