«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық қордан бөлінген 1 триллион теңге есебінен экономиканың өсуін қосымша ынталандыру шаралары қамтамасыз етілді. Биыл экономикалық өсуді қамтамасыз етуге 500 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдауға - 100 млрд. теңге, банк секторын сауықтыруға - 250 млрд. теңге және индустриялық-инновациялық даму жобаларын іске асыруға - 150 млрд. теңге жұмсалады», - деді Әлеуметтік-экономикалық саясат жол картасының орындалу нәтижелеріне тоқталған министр Ерболат Досаев. Оның айтуынша, Ұлттық қордан бөлінетін қаражатты тиімді пайдалану үшін Үкімет бірқатар халықаралық қаржы ұйымдарымен институционалды және қаржылай демеу бойынша келісімдерге қол қойған. Олардың арасында Дүниежүзілік банк, Азия Даму және Қайта Құру банкі, Еурапа Қайта Құру және Даму Банкі және Ислам Даму банкі бар. «Осы халықаралық банктер экономиканың негізгі саласындағы инвестициялық жобалар мен басым бағдарламаларды бірлесе қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бұлар 2014-2016 жылдар аралығында жүзеге асатын болады. Бірлесе қаржыландырудың жалпы мөлшері 7,5 млрд. долларға дейін», - деді Ерболат Досаев.
Бұдан бөлек, министр Жол картасы аясында жүйе құрушы кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамамасыз ету мақсатында өндіру жағдайы ауыр және рентабельділігі төмен кен орындары үшін Үкімет алғашқы рет пайдалы қазбалар өндірісіне салынатын салықтың төмендетілген мөлшерлемесін белгілегенін атап өтті. Сонымен қатар, экспорттаушыларды қолдау үшін теміржол көлігімен тасымалдауға арналған тарифтерге уақытша төмендету коэффициенттерін беру тетігі енгізілген.