Халықаралық Бизнес Академиясы жаңа оқу жылында мүмкіндігі шектеулі студенттерді қабылдауға дайын

АЛМАТЫ. 19 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Халықаралық Бизнес Академиясы (ХБА) әлеуметтік инфрақұрылым жасауға үлкен көңіл бөлуде. Оқу орыны жаңа оқу жылы - 1 қыркүйектен бастап мүмкіндігі шектеулі студенттер мен тыңдаушыларды қабылдауға дайын.

Бұл үшін Академияның оқу кешенінде арнайы орындар, пандустар жабдықталып, арнайы лифттер жасалған. Академия осындай игі істерімен Қазақстандағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне өзіндік үлесін қосуда.

«Қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті дұрыс түсіну, бұл - біздің еліміздің болашақта көркейе түсуінің алғы шарттарының бірі. ЖОО-ның әлеуметтік жауапкершілігі мүмкіндігі шектеулі адамдарға қарым-қатынасынан көрінеді. Және, міндетті түрде, біз бұл ұғымды өзіміздің тыңдаушыларымыз бен студенттерімізге дарытуға талпынамыз»,-дейді ХБА ректоры Асылбек Қожахметов.

Жоғары білімі бар «Намыс» мүгедектер қоғамдастығының төрағасы Қайрат Иманалиевтің айтуынша, Алматыда күні бүгінге дейін әртүрлі санаттағы: орталық қозғалу және көру жүйесі бұзылған мүгедектерді оқыту мүмкіндігі бар бірде-бір жоғары оқу орны болмаған. «Халықаралық Бизнес Академиясы орталық қозғалу жүйесі зақымданған мүгедек жандарға есігін айқара ашып, қабылдап жатқан бірінші оқу орыны. Бұл мүгедек жандарға жоғары білім алып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына, сонымен қатар, өзіне және өзінің отбасына тәуелсіз өмірді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенемін»,- деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда 500 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрады. «Шамамен оннан бір бөлігі - орталық қозғалу жүйесі зақымданған жандар, осының төрттен бір бөлігі - қол арбаға таңылғандар. Оларды мемлекет назарынан тыс қалған деуге болмайды. Дегенмен, мүгедектердің құқығын реттеуші мемлекеттік саясат пен ұлттық заңнамалар медициналық көмекке бағытталған, сонысымен, бұл жағдай халықаралық құқықтық құжаттардан мүлдем бөлек. Онда мүгедек жандардың басқалармен тең дәрежеде өмір сүруінің тетіктері көрсетілген. Бәлкім содан да болар, лайықты білім алу, оның ішінде жоғары білім алу, олардың көбінің жәй ғана арманы боп қалып отыр. Мұның себебі, олардың оқу үлгерімінің нашарлығы немесе ҰБТ-ның төмен көрсеткішінде емес, керісінше, біздің жоғары оқу орындарының мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдауға қаншалықты дайын екендігінде жатыр»,-деді Қ. Иманалиев.

Оқуға түсушілер үшін: Халықаралық Бизнес Академиясына құжаттарды қабылдау 2011 жылдың 25 тамызына дейін жүргізіледі.