Әлем, Азия және Азия ойындарының чемпиондары лейтенант Біржан Жақыпов пен ҚР ҚК-нің қызметкері Жәнібек Әлімханұлы Аягөз гарнизонына барды.
Олар гарнизонның спорттық кешені мен орта мектепте болып, ақысыз спорттық секцияларға барып жүрген әскери қызметшілердің балаларымен кездесіп, шеберлік сыныптарын өткізді және балалармен әңгімелесті. Әскери спортшылар сондай-ақ, 10810 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерімен жүздесті.
«Ағымдағы жылдың басында Спорт комитеті Қорғаныс министрлігі басшылығының қолдауымен гарнизондарда әскери қызметшілердің балаларына арналған тегін спорттық секцияларды ашқан болатын. Балаларға арналған бұқаралық спортты дамыту, сонымен қатар, армиялық спортты насихаттау мақсатында АОСК-ның танымал спортшылары гарнизондарға барды. Бұл өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға ынталандырады деген сенімдемін», - деп Спорт комитеті - ҚР ҚМ АОСК-ның төрағасы подполковник Расул Мейірманов атап өтті.
Оның сөзінше, келешекте әскери спортшылар Үшарал, Приозерск, Сарыөзек және Гвардейск кентіндегі гарнизондарға жол тартады.
«Балалардың спортқа деген қызығушылығы шынайы екендігі байқалып тұр. Олар қызықты сұрақтар қойды. Біз жас өскелең ұрпақтың спортты және саламатты өмір салтын жандарына серік еткендерін қалаймыз», - деді лейтенант Біржан Жақыпов.