Бұл кемеде ғарышқа ресейлік ғарышкерлер Сергей Прокопьев, Дмитрий Петелин және америкалық астронавт Фрэнк Рубиодан тұратын ХҒС-68 ұзақмерзімді экспедициясының экипажы аттанған еді.
Кеменің салқындату жүйесіндегі қысымның төмендеуі туралы диагностикадан кейін ресейлік ғарышкерлер Сергей Прокопьев пен Дмитрий Петелиннің ғарышқа шығу жоспары кейінге қалдырылды. Кейінірек кеменің салқындату жүйесінің сыртқы контурының қысымы төмендегені анықталды.
Ресейлік экипаждың үшінші мүшесі Анна Кикина «Ғылым» көпфункционалды зертханалық модуліне орнатылған манипулятордағы камераны пайдаланып, кеменің сыртқы бетін суретке түсіріп, видеотүсірілім жасады.
VideoFromSpace және NASA арналары да «Союз МС-22» кемесінің терморегуляция жүйесінен салқындатқыш шығып жатқан қорқынышты видеокадрлары желіге жариялады.
«Қазіргі уақытта барлық ХҒС жүйелері мен кемелер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, экипажға еш қауіп жоқ. Жағдайды талдаған соң, жердегі мамандардың да, ХҒС ресейлік сегменттің экипаж мүшелерінің де алдағы іс-әрекеті туралы шешім қабылданады», - деді Роскосмос өзінің баспасөз хабарламасында.
Бір күннен кейін Роскосмостың баспасөз қызметі ресейлік БАҚ-та «Союз МС-22» басқарылатын кемесіндегі температура 50 градусқа дейін көтерілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Жұма күні Мәскеу маңындағы ұшуды басқару орталығының мамандары ресейлік ғарышкерлермен бірге станцияда «Союз МС-22» кемесінің жүйелеріне бірқатар тест жүргізді, оның ішінде кеменің түсу аппараты мен тұрмыстық бөліміндегі температураны өлшеді, онда ол шамамен 30 градус болды. Бұл ХҒС экипажының техникасы мен жайлылығы үшін маңызды емес, сонымен қатар ғарышкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін шамалы өзгеріс қана», - делінген хабарламада.
Роскосмостың атқарушы директоры Сергей Крикалевтің айтуынша, салқындатқыштың сыртқа шығуына кеменің радиаторына микрометеорит түсуінен болуы мүмкін. Экипаж зардап шеккен жоқ, ғарышкерлер мәселені шешу үшін желдету жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі уақытта жердегі мамандар ХҒС экипажымен бірге станциядан келіп түскен деректерді, соның ішінде фото және бейнетіркеуді талдауды жалғастырып, туындаған жағдайды салыстырудың түрлі нұсқаларын әзірлеуде.
Сонымен бірге, NASA ресейлік мамандардың «Союз МС-22» қозғалтқыш жүйесін сәтті сынақтан өткізгенін растады. Canadarm-2 роботымен кеменің қаптамасындағы жылыстау орнын іздеу мақсатында 18 желтоқсан, жексенбі күні кемеге зерттеу жасалады.
ХҒС-68 ресейлік экипажының жоспарланған ұшу ұзақтығы – 188 күн. «Союз МС-22» кемесімен Жерге оралу 2023 жылдың 28 наурызына жоспарланған.
Сара Қабиқызы