Халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов американдықтарға өз шеберлігін көрсетті

ВАШИНГТОН. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат – Вашингтондағы Америка университетінде халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың қатысуымен шахматтан бір мезгілде ойнау сеансы өтті.

Бұл шараны Қазақстан Елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Дәрмен Сәдуақасов АҚШ-тағы беделді университеттердің бірі - Карнеги Меллонда президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Бұл спорттық шара американдық студенттердің ерекше назарын аударып, ойынға шахмат өнерімен айналысатын 100-ге жуық адам қатысты. Қазақстандық гроссмейстер 19 тақтада ойынды жеңіспен, бір тақтада ойынды тең есеппен аяқтап, американдықтарға өз шеберлігін көрсетті.