«Ғылымды кешенді дамытудың негізгі алғышарты – оның кадрлық әлеуетін тұрақты түрде қалыптастыру. Жас таланттарды ғылымға тарту бойынша жүйелі іс-шаралар қабылдануы қажет. Қабілетті жастарды мектеп жасынан ғылымға бейімдеу, оларды ғылыми, инженерлік-техникалық жобаларға, өнертапқыштыққа баулу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынуы керек. Жоғары оқу орындары, ғылыми институттар жанынан ғылыми-техникалық үйірмелер, фаблаптар, ІТ-клубтар құру маңызды. Ғылым министрлігіне Оқу-ағарту министрлігімен бірге осы бағытта нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», - деді вице-премьер ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Үкімет басшысының орынбасары күрделі ғылыми зерттеу топтарының құрамына студенттерді, магистранттарды және жас ғалымдарды тарту бойынша талаптар енгізуді ойластыру қажеттігін баса айтты.
«Сонымен қатар министрлік халықаралық ғылыми жобаларға қатысатын жас ғалымдарды қолдаудың арнайы тетігін әзірлеуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, іске асырылып жатқан Ұлттық ғылым академиясын трансформациялау жұмыстарын жуық арада аяқтауымыз қажет. Мәселені жақында жиналыста талқыладық. Барлық мәселе нақтыланып, келісілді. Оның нәтижесінде академия елдің ғылыми әлеуетін бір арнаға бағыттайтын және оны прогрессивті түрде дамыту бойынша ұсынымдар әзірлейтін орталыққа айналуы тиіс», - деді Алтай Көлгінов.