Министрдің айтуынша, Қазақстанның бюджеттік саясаты бойынша республикалық бюджеттегі тапшылық жоғары емес. «Біздің қарызымыздың деңгейі де ЖІӨ-мен есептегенде 15-20 пайыз аралығында. Бұл - мейлінше жағымда көрсеткіш. Ал тұтастай сырттан алынатын қарызды төлеуге келсек, Қазақстанның кординаттары 15 пайызға жетпеуі тиіс, ал бүгінгі күні бұл көрсеткіш 11 пайызды құрайды», - деді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, халықаралық қаржы құралдарынан алынып жатқан қарыздардың бюджетке ауыртпашылығы жоғары емес. «Келесі жылы біз бюджет тапшылығын 1,6 пайызға бекіттік. Бұл алдағы жылдары бір пайызға дейін төмендейді. Сондықтан да, халықаралық қарыздар Қазақстан үшін проблема болып саналмайды», - деді Б. Сұлтанов.
Еске сала кетейік, бүгін Сенат отырысында «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Қарсы циклдік дамуды қолдау) ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Ол бойынша республикалық бюджет тапшылығын қаржылндыру үшін АДБ 1 миллиард доллар қарыз бөлетін болады.