Айта кетерлігі, Елбасы бекіткен Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, алдағы бес жылда авткөлік жолдары саласында 11 жоба жүзеге асырылып, 7 мың шақырымнан астам жолдар жаңғыртылмақ. Бұған Ұлттық қор қаражатынан бөлек (2015-2016 жылдарға - 301 млрд теңге), халықаралық қаржы құрылымдарынан заемдар да тартылатын болады.
«Бұл шамамен 1 трлн. теңге немесе 5,5 млрд доллар шамасында болады. Бүгінгі күні министрлік осы бағытта алдын ала келіссөздер жүргізіп жатыр, жыл соңына дейін қарыз туралы 12 келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз», - дейді А.Беков.
Оның сөзіне қарағанда, халықаралық қаржы ұйымдары есебінен «Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша қарызға алынған қаражатқа Қарағанды-Куратов жол учаскелері жаңғыртылады. Ал бұған қаражат Дүниежүзілік банк пен Еуропалық Қайта Құру және Даму банкінен тартылмақ.
«Сосын «Орталық-Батыс» жобасына Дүниежүзілік банктің, Ислам банкі, Азия Даму банкінің шамамен 1,5 млрд доллар көлеміндегі қаражаттарын тарту қарастырылады. Бұның ішінде «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» жобасы бойынша 960 млн долларды Азия даму банкі мен Ислам дану банкінен алуды жоспарлаймыз. «Жетібай-Жаңаөзен» жобасын жүзеге асыру үшін 140 млн доллар көлемінде Азия даму банкінен, «Ұзынағаш-Отар» жобасына Дүниежүзілік банктен 213 млн доллар көлемінде қарыз тартылады. Биыл бұл жобалар бойынша техникалық негіздемелер әзірленсе, құрылыс жұмыстарын келесі жылдың екінші тоқсанында бастау көзделіп отыр»,- деді комитет өкілі.