Халықаралық келісімшарттар Парламент қарауына уақытылы енгізілуі керек - И. Адырбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ратификациялауға жататын халықаралық келісімшарттар Парламент қарауына уақытылы енгізілуі керек. Бүгін Сыртқы істер министрлігінде ведомство басшыларымен өткен кездесу барысында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков осындай пікір білдірді.

Комитет төрағасы кездесу барысындағы әңгімеде қол қойылған және күшіне енген халықаралық құжаттардың ішкі мемлекеттік үдерістерінің атқарылуына назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының халықаралық келісімшарттары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын жүзеге асыру аясында Сыртқы істер министрлігі сапалы жұмыстар атқаруда. Дегенмен, сенатор халықаралық келісімшарттарды жасау бағытындағы мемлекеттік органдардың жоспары нақты әрі өзекті болуы тиістігін атап өтті.

«Заңда мемлекеттік органдардың ратификациялауға жататын және уақытша қолданылуы қарастырылған келісімшарттарды күшіне енетін мерзімінен алты ай бұрын Парламентке енгізуі міндетті екені жазылған. Алайда, Парламентке бес-алты жыл бұрын қол қойылған және ратификациялануы тиіс халықаралық келісімшарттар да жиі түсіп тұрады. Олардың күшіне енуі үшін қажетті процедуралар да толық орындалмай отыр. Мәселен, биыл біз «ТМД мемлекеттерімен өзара саудада техникалық кедергілерді жою жөніндегі Кедендік одаққа мүше-мемлекеттердің келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын қарадық. Ал бұл Келісімді Ресей мен Беларусь 2013 жылы-ақ ратификациялап тастаған», - дейді сенатор.