Халықаралық коалиция Сириядағы лаңкестер жетекшілерінің бірін ұстады

АММАН. ҚазАқпарат – АҚШ бастаған халықаралық коалиция әскері Сирияда арнайы операция жүргізу нәтижесінде «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) лаңкестік тобының жоғары шенді жетекшісін ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі коалиция мәлімдемесіне сілтеме жасап.

«Айнымас шешім» (CJTF-OIR) деп аталатын халықаралық коалиция күштері 16 маусымға қараған түні Сирияның солтүстігінде ИМ-нің жоғары лауазымды жетекшісін ұстау үшін лаңкестікке қарсы операция жүргізді.

«Тұтқынға алынған адам – тәжірибелі бомба жасаушы және ИМ-нің сириялық бөлімшесіндегі жоғары басшылардың біріне айналған жедел делдал», - делінген хабарламада.

Коалиция операцияның сәтті өткенін, бейбіт тұрғындарды қоса алғанда ешкім зардап шекпегенін жариялады. Сондай-ақ, коалиция күштеріне, соның ішінде ұшақтар мен басқа да мүлікке зиян келмегенін мәлімдеді.

«Коалиция күштері түпкілікті жою үшін ИМ-нің қалған мүшелері қайда жасырынса да, іздеуді жалғастырады», - деп мәлімдеді коалиция басшылығы.