Халықаралық көлік дәліздерін іске асыру - стратегиялық міндет

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік-коммуникация саласын жетілдіруге қатысты қыруар тірлік атқарылған қамшының сабындай он шақты жыл ішінде Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік рейтингінде 30 сатыға көтеріліп, 140 елдің ішінде 88-ші сатыдан 58-ші сатыға дейінгі жемісті жолды жүріп өтті. Осы кезең ішінде қол жеткен қомақты жетістіктер арқасында тек еліміздің ғана емес, сондай-ақ тұтас Еуразия құрлығының сауда-саттық операцияларының көлемі елеулі түрде артқанына статистика деректері куә.

Дерек пен дәйекке жүгінейік. Елдің батысында пайдалануға берілген Жезқазған-Бейнеу теміржол желісі Достық және Алтынкөл станцияларынан Ақтау теңіз портына дейінгі транзиттік тасымалдау қашықтығын 1036 шақырымға дейін қысқартты. Мұның нәтижесінде Қытай мен Еуропалық одақ бағытындағы және кері қарайғы жүктерді Қазақстан аумағы арқылы теміржол көлігімен тасымалдау мүмкін болды.

Елдің шығысында «Қорғас - Шығыс қақпа» еркін экономикалық аймағы аясында құрғақ порт құрылысы тәмамдалып, логистикалық аймақ іске кірісті.
Бұл орайда транзиттік жүктерді тасымалдауға бағытталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің маңызы орасан зор. Суэц каналы арқылы қатынайтын теңіз жолынан 3,5 есе қысқа аталған дәліз Қытайдан Еуропаға жүк тасымалын 10-12 күнде жеткізетін ең қысқа автокөлік жолы болып табылады. Сөйтіп, Қазақстан аумағы арқылы Шығыс-Батыс жол бағытын басқа да халықаралық жобалармен түйістіріп, тиімді тасымалды жүзеге асыру  және экспорттық тауарлар мен жүктерді тікелей жеткізу мүмкін болып отыр.

Осы ретте сәл-пәл тарихқа оралайық. Ұлы Жібек жолының бүгінгі баламасы - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін салу идеясы алғаш рет 2008 жылғы ақпанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылды. Көп ұзамай, сол жылдың қыркүйегінде Ресей Федерациясы Үкіметімен, ал 2009 жылғы сәуірде Қытай  Коммуникация министрлігімен арада Батыс Еуропа - Батыс Қытай автокөлік дәлізін құру жайлы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар Елбасымыздың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы және қоңсы қонған Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» сияқты сындарлы ұсынысы да Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық көпірді дамытуға және жаңа деңгейдегі қауіпсіз, тиімді көлік жолдарының аймақтық инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталып отыр.  «Жібек жолы экономикалық белдеуі» Еуразиялық теміржол көліктік дәлізін және «Қытай-Еуропа» кон­тейнерлік пойыз жолын салуды көздейді. Жобаға қатысушы елдердің тізе қосқан тірлігі арқасында Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Гру­зия-Түркия бағытымен, сондай-ақ қатар Қазақ­­стан арқылы Қытайдан Иранға «Nomad Express» контейнер таситын жүк пойызы жіберілді. Ал, үстіміздегі жылғы  қаңтарда осындай пойыз Украинадан Қытайға Қазақстан жолымен жөнелтілді.

Көлік дәлізі өтетін өңірлерде 4,6 миллиондай халық тұрады, бұл еліміз тұрғындарының үштен бір бөлігі болып табылады. Жолдың Қазақстандағы ұзындығы 2787 шақырым, ол Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарының аумақтары арқылы өтеді. Ресей еншісіне 2233 шақырым, ал 3425 шақырым жол Қытайға тиесілі.  Жобаның Қазақстан аумағы арқылы өтетін бөлігінің жалпы құны 825,1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарының өрбуіне орай оның 2125 млн долларын «Еуропалық қайта құру және даму банкі», 340 млн долларын «Азия даму банкі», 170 млн долларын «Ислам даму банкі»  қаржыландырды.

Бұл қаржының бірқатар бөлігі жалақы түрінде жергілікті халықтың игілігіне жұмсалды. Жол құрылысы туризм саласын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Дәліз «Көксай» тау шаңғысы базасы, «Ежелгі Түркістан», «Ежелгі Отырар», «Қасқасу» шаңғы курорты, «Байқоңыр», «Қорқыт Ата», «Қамбаш», «Ғарыштық айлақ», «Киіз үйлі отель», «Greenland» және «Ырғыз керуен сарайы» туристік аймақтары арқылы өтеді. Жол бойында қызмет көрсететін 20-дан астам түрлі нысандар қызу қарқынмен тұрғызылып жатыр. Сөйтіп, транзиттік дәліз арқылы аңыз болған  ежелгі «Ұлы Жібек жолы»  өмірге қайта оралып жатыр.