*** Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының жаңа нысандарын көру барысында «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысымен танысты, деп жазады "Егемен Қазқстан" басылымы "Халықаралық көрме нысандары белгіленген мерзімінде әрі сапалы салынып бітуі тиіс" атты мақалада. "ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің павильондарының негізгі құрылымдарын салу 2015 жылдың қазан айына қарай аяқталады, деп атап өтті Т.Ермегияев. 2015 жылдың қазан айында павильондар ішіндегі әрлеу жұмыстары басталмақ. Ал орталық көрме павильонына қатысты әрлеу жұмыстары 2016 жылдың желтоқсанында, ал келер жылдың қазанында халықаралық павильондардың негізгі құрылымдары құрылысының аяқталатындығын жеткізді. Сонымен қатар, ЭКСПО-қалашықтың «нөлдік кезеңін» құрылысшылар кестеден ерте аяқтауды жоспарлап отыр", - делiнген материалда. *** Қазақстанда инновациялық дүмпу болды. Күні кеше ұйымдастырылған «Индустрияландыру күнінде» Президент Нұрсұлтан Назарбаев тікелей «телекөпір» арқылы еліміздің әр өңірінде 20-дан астам жоғары технологиялы нысанды іске қосты. Бұл туралы "Айқын" басылымы хабарлауда. "Олардың көбі Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа өнім түрлерін шығаруға кірісіп отыр. Ал тыңнан түзіліп жатқан инновациялық секторлар ұзақ мерзімді перспективада орнықты экономиканың берік негізін қалап, оның өсімінің жаңа көздерін ашады. Әрине, инновациялық дамуда Қазақстан кемелдікке жетті деп айту қиын. Еліміз әзірге осы жолдың басында тұр" - делiнген "Әлемдiк инновациялық қозғалыс көшiндегi Қазақстан" деп аталатын мақалада. ТМД көлемінде еркін экономикалық аймақ жұмыс істегені белгілі. Оның басты тірегі және ұйытқысы Еуразиялық экономикалық одақты құрушы Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы болатын. Бүгiнде сол аймақтан Украинаны шығару не шығармау жөнiнде қызу талқылаулар жүруде. "Айқын" газетi "Еркiн экономикалық аймақ бұзылады ма?" атты материалында осы тақырыптың басын ашып, мәселенiң түп-төркiнiне үңiлiп көруге тырысады. "Таяуда Украина Еуроодақпен ассоциациялық бірігудің экономикалық шартына қол қойды. Ол Еуроодақтың тауарлары бұл мемлекетке еш кедергісіз, салықсыз енеді деген сөз. Осыған байланысты Ресей Федерациясының билігі «еркін экономикалық аймаққа Украина тауарларының енуіне тосқауыл қойылады, себебі олар Еуроодақтан арзанға алған тауарларын сатып, Еуроодақпен тектес тауарларды импорттау шартына қол қойған және сол арқылы жұмыс істеп жатқан ресейлік кәсіпкерлерді тығырыққа тірейді» деп отыр. Бірақ еркін экономикалық аймақ құрушы қалған екі мемлекет Беларусь пен Қазақстан Еуразиялық одақ бойынша Ресейдің бұл ойын құптамады", - делiнген мақалада. *** Қарағандыда жемқорлыққа қатысты у-шу басталғалы отыр, онык басты "кейiпкерi" ретiнде бұрынғы қала әкiмi Мейрам Смағұловтың басы дауға iлiкпек. 24 маусымда шенеунiк өз еркiмен лауазымынан кеткенi есiмiзде. Бiрақ кеше белгiлi болғанындай, Қарағанды облысының қаржы полициясы департаментi оған қатысты қылмыстық iс қозғады. Толығырақ "Экспресс К" басылымының "Акиму выставили счет" атты мақаласынан оқи аласыздар.
09:11, 04 Шілде 2014
«Халықаралық көрме нысандары белгіленген мерзімінде әрі сапалы салынып бітуі тиіс» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 шілде, жұма күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.