Шетелдік және отандық мамандардың айтуынша, ми - адамның ең маңызды және аса күрделі мүшесі. Ол миллиондаған «электр желілерінен» - аксондардан тұрады. Ал олардың жалпы ұзындығы жер шарын төрт орап алуға жетеді. Адамның миында 8 млрд. жуық нейрондар бар. Ал олардың арасындағы 10 трлн. жуық байламдар бізге қозғалуға, қарауға, оқуға, жазуға, ойлауға, сезінуге және басқа да әрекеттер жасауға мүмкіндік береді.
Өкінішке қарай, миды зақымдайтын аурулар әлемде жыл санап көбейіп жатыр. Олар - инсульт, эпилепсия, ми ісігі, жарақаттар, індеттер, Альцгеймер дерті, бас ауру, торығу, ұйқының бұзылуы және т. б. Ал алкоголь, есірткі, темекі тарту, экологияның нашарлығы, күйзелістер мен дұрыс тамақтанбау миды зақымдайды.
Неврологтардың пікірінше, әлемде әрбір үшінші адам өз өмірінде кез келген жасында инсульт алуы мүмкін. Миды зақымдайтын ауруларды алдын алу үшін әрбір адам саламатты өмір салтын ұстануы керек. Сонымен қатар кітап оқу, сөзжұмбақтарды шешу, есте сақтау қабілетін дамыту және болашаққа сеніммен қарау мидың жақсы жұмыс істеуіне септігін тигізеді.
Қазақстандық неврологтар Бүкіләлемдік ми күніне қарай арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Ол бағдарлама бойынша мамандардың кездесуі, баспасөз мәслихаты, ҚР Суретшілер одағымен бірлесіп жасалған «Менің миым» атты тақырыптық көрме және буклеттер тарату бойынша флеш-моб ұйымдастырылады.
Сондай-ақ бұл күні қаланың ең үздік неврологтары тегін ақыл-кеңестер береді. Аталмыш шаралар Алматы қаласында 21-22 шілде аралығында өтеді.