Халықаралық өнер форумы аясында Ректорлар кеңесінің отырысы өтеді

АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - Наурыздың 5-і мен 16-сы аралығында Астанада Халықаралық өнер форумы өз жұмысын бастайды. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің құрылғанына 15 жыл толуына арналған шара аясында Ректорлар кеңесінің отырысы өтпек. Бұл туралы бүгін аталған мәдени шараға байланысты баспасөз мәслихатын өткізген Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор, Қазақстан Республикасының халық әртісі Айман Мұсақожаева мәлім етті.

Оның айтуынша, Халықаралық өнер форумы аясындағы маңызды мәселенің бірі 6 наурызда өтетін Ректорлар кеңесінің отырысы болмақ. Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғимаратында өтетін бұл шараға негізінен ТМД қатысушы-мемлекеттерінің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры қолдау жасап отыр. «Атап айтқанда, Форумға қатысуға Қазақстан, Ресей (оның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербор, Қазан қалаларының), Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Украина, Армения, Беларусь, сондай-ақ Франция, Италия мен Қытай елдерінің жоғары музыкалық білім оқу мекемелерінің ректорлары шақырылған», - дейді А. Мұсақожаева.

Еске сала кетсек, Форум аясында «Астана - әлемнің сегізінші кереметі» атты мерейтойлық концерт 6 наурызда «Қазақстан» концерт залында өтеді. Бұл бағдарлама кейіннен әлемнің үздік сахналарына жол тартады. Ал турненің демеушілігін «Самұрық-Қазына» Қоры атқаратын болады.