«Көптеген елдерде белсенді вакциналауды жүргізу нәтижесінде эпидемиологиялық ахуал жақсаруда. Тәулігіне ковидпен ауырғандардың саны 2021 жылғы қаңтардың ортасымен салыстырғанда 46, ал Қазақстанда 59 пайыз төмендеді. ОПЕК елдерінің келесі айға мұнай өндірісін шектеуді сақтау бойынша қабылдаған шешімі әлемдік тауар нарықтары конъюнктурасына оң әсерін тигізді. Бүгінгі таңда Brent мұнай маркасының бағасы баррелі 67 доллар», - деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайында баяндаған министр.
Сонымен қатар оның айтуынша, металл бағаларының қалпына келуі байқалады. Жылдың басынан бері металл бағаларының орташа өсімі 7 пайыз. Мыстың бағасы 15,8, алюминийдің бағасы 9,4, мырыштың бағасы 1,7 пайызға өсті.
«Жалпы, іскерлік белсенділіктің жедел қалпына келуінің басты шарты эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы болып саналады. Осы жылғы ақпанда халықаралық рейтинг агенттіктері – Moody’s, Fitch Ratings және Standard and Poor’s Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингісін пандемияға дейінгі инвестициялық деңгейде растады», - деді ол.
Министрдің атап өтувінше, пандемия жағдайында Қазақстанның егемендік кредиттік рейтингінің растауының басты факторлары: экономиканың нақты секторының өсу орнықтылығының жоғары деңгейі, экономика мен халық табысын қалыпқа келтіруші өсудің жоғары әлеуеті, дағдарысқа қарсы шараларды қалыптастыру икемділігі мен тиімділігі, сондай-ақ едәуір фискалдық резервтер.
«Осының аясында халықаралық рейтинг агенттіктері 2021 жылға Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсуін 3,2-3,8 пайыз деңгейінде болжап отыр», - деді Әсет Ерғалиев.