Халықаралық рейтинг ең қымбат брендке ие қазақстандық банкті анықтады

АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - «Brand Finance» Халықаралық консалтингілік компаниясы «The Banker» журналымен бірлесіп, дүниежүзіндегі 500 банктік компания брендінің құндылық деңгейіне талдау жасады.

2013 жылғы рейтингке қазақстандық екі банк қатыстырылды. Олардың бірі - «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (бренд Halyk Bank) 500 брендтің ішінде 334-орынды иеленіп, қазақстандық банктер арасында құны жағынан ең қымбат брендті иеленді. Halyk Bank брендінің құны биылғы жылы 266 млн. АҚШ долларына бағаланды.

Айта кетейік, аталған рейтингке ТМД елдері бойынша тек ресейлік және қазақстандық банктер ғана қатысты. ТМД елдерінің банктері арасында Қазақстан Халық банкі бесінші орынды иеленді.

Рейтингте көш бастап тұрған бестікке - америкалық Wells Fargo ($26,0 млрд) және Chase ($23,4 млрд) банктері, британдық HSBC банк ($22,8 млрд) және АҚШ-тың Bank of America ($22,3 млрд), Citi ($21,6 млрд) банктері енді.

Brand Finance сарапшылары банктік брендтерді марка атауына, бұл бренд үшінші бір тұлғаға тиесілі болған жағдайда, оны пайдаланғаны үшін иесі жасауға тиіс болатын төлемдердің негізінде бағалады. Сонымен қатар консалтингтік компания талдаушылары баға беруді қаржылық есептемеге, Bloomberg мәліметтеріне және өз зерттеулеріне сүйене отырып жүргізді.