Халықаралық самбо федерациясы: Қазақстандықтар әлемде ең мықтылардың қатарында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Президентінің жүлдесі үшін самбодан әлем кубогы кезеңінің жарыстары жалауын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, 6-8 шілде аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Дәулет» спорт кешенінде өтетін осы спорттық шараға әлемнің 16 елінен келген спортшылар қатысуда. Барлығы 200-ден аса самбошы бақ сынайды.

«Бүгінде самбо әлемде белсенді түрде дамып келеді. Халықаралық самбо федерациясы құрамында 120 федерация қамтылған. Атап айтқанда, қазақстандық самбошылар бұрынғысынша әлемде ең мықтылардың қатарында тұр»,- деп атап өтті Халықаралық самбо федерациясы президенті Василий Шестаков.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан қазіргі кезде шын мәнінде спорттық держава екенін айта келе, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында осы турнирге ең мықты деген спортшылар тартылғанын атап өтті.

Кубок 9 салмақ дәрежесінде ерлер арасында (52, 57, 62, 68, 74, 84, 90, 100 келіге дейін және 100 келіден аса), әйелдер арасында (48, 52, 56, 60, 64, 68, 72, 80 келіге дейін және 80 келіден аса) және жауынгерлік самбодан (52, 57, 62, 68, 74, 84, 90, 100 келіге дейін және 100 келіден аса) сарапқа салынады.

Әлем кубогы кезеңінде бас судья Махмуд Абдуллоевтың сөзіне қарағанда, жарыстың бірінші күнінде әйелдер арасында 48, 60, 72  келі салмақ дәрежесінде, ерлер 52, 68, 80 келіде, сондай-ақ жауынгерлік самбодан 57, 74, 100 келі салмақта тартысқа түседі.