Халықаралық сарапшылар қазақстандық нейрохирургия деңгейін жоғары бағалайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық сарапшылар қазақстандық нейрохирургия деңгейін жоғары бағалайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дүниежүзілік нейрохирургиялық қоғамдар федерациясының президенті Александр Коновалов мәлім етті.

«Қазақ нейрохирургиясының елең-алаңы әлі есімде. Ол ең алғаш Алматыда қанат жайды, онда бірнеше бөлімшелері болды. Содан бері біраз уақыт өтті. Айта кету керек, жаңа нейрохирургиялық орталық ашылған 6 жылдан бері қазақ нейрохирургиясында көптеген өзгерістер болды. Мен қазір оның деңгейі халықаралыққа жеткеніне толықтай сенемін», - деді А. Коновалов.

Маманның пікірінше, Астанадағы Ұлттық нейрохирургиялық орталықта аурудың ең күрделі түрлері сәтті емделуде.

«Бұл, бір жағынан, аталған саланың өте жылдам әрі сәтті дамып келе жатқанын көрсетсе, екінші жағынан - қазақ нейрохирургиясын әлемнің мойындап үлгергенін дәлелдейді. Егер мұнда сондай жоғары деңгей болмаған болса, Азия нейрохирургтерінің конгресі сияқты үлкен шара да осында өтпес еді. Бұл соңғы жылдары қазақ нейрохирургтарының үлкен жетістіктерге жеткенін нақтылайды», - деді А. Коновалов.

Айта кетейік, бұл күндерде Астанада Х Азия нейрохирургтерінің конгресі өтіп жатыр. Оған әлемнің 50 елінен 600-ден астам жоғары білікті мамандар қатысуда.