Семинарға АҚШ, Ұлыбритания, Ресейдің қан қызметінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ донор қаны компоненттерін даярлау және клиникада қолдануды жүзеге асыратын отандық дәрігер-трансфузиологтар қатысты.
Семинар мақсаты - донор қаны мен компоненттерін қолдану тиімділігін арттыру, негізсіз қан трансфузиясы санын азайту және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қазіргі технологияларды енгізу жайын талқылау.
Семинарда сөз сөйлеген халықаралық сарапшылар қазіргі заманғы әдістер және қан қорын басқару шешімдері, қан компоненттерінің патогендік қауіпсіздігі және имммунологиялық проблемалар туралы әңгімеледі.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы қызметімен танысқан шетелдік мамандар республикадағы қан қызметінің дамуына жоғары баға берді.
Н. Пирогов атындағы Ұлттық медициналық хирургия орталығының проректоры, бас трансфузиологы, м.ғ.д., профессор Е.Жибурт (Мәскеу, Ресей): «Қазақстан ТМД елдері ішінде алғашқы болып донор қанын трансфузиялық инфекцияға қатысты екі сатыда скринингілеу әдісін енгізіп, оны бүкіл ел аумағында қолдануды заңмен бекітті. Бұл қан қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өте маңызды жайт. Сондай-ақ, республикада трансфузиологияның қазіргі заманғы технологиялары белсенді енгізіліп жатқанын көрдік»,-дейді.
Америка Қызыл ай қоғамының медициналық директоры, Солтүстік Америка бойынша Халықаралық трансфузиологтар қауымдастығының аймақтық бөлімінің директорлар кеңесінің мүшесі, Джордж-Таун университетінің профессоры Ричард Бенджамен (Вашингтон, АҚШ) өз кезегінде Қазақстан бұл салада өңір елдеріне үлгі бола алатынын айтты, деп хабарлайды Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының баспасөз қызметі.