Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды. Байқау жоспарына сәйкес, 7 қарашада қорытынды шығарылып, жеңімпаздар анықталады. Еске салайық, 3-8 қарашада Астанада XVII халықаралық шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалі ашылады.
Фестиваль бірнеше аталым бойынша өтеді: «Үздік әдеби шығарма», «Камералық музыка», «Хореография», «Симфониялық оркестрді дирижерлеу» және т.б.
Байқауды ұйымдастырушылардың хабарлауынша, «Халық музыкасы» аталымы бойынша ең көп өтініш көрші Қытай мемлекетінің тұрғындарынан келіп түскен. Музыканттар сазсырнай, жетіген, сыбызғы сынды аспаптарда ойнау бойынша шеберлік байқасады. Ал қазақстандықтардың басым бөлігі -Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының өкілдері.
Биыл фестивальға қатысушылар жаңа «Халық музыкасы» және «Камералық хор» аталымдары бойынша бақтарын сынамақ. Қазылар алқасы жастардың өнерін бағалап, жеңімпаздарды анықтайды. Дәстүр бойынша олар «Президент кубогын» иеленеді. «Шабыт» фестивалінің басты сыйлығы - лауреат дипломы, медаль мен 250 000 тг құрайтын жүлде қоры.