Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы барысында баяндама жасаған ҚР Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов осылай мәлімдеді. Еске сала кетейік, Парламент алдында Конституциялық Кеңес Төрағасы «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» баяндама жасаған болатын.
«2009 жылғы нормативтік қаулыға сәйкес, Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның 1-і және 2-баптарында көрсетілгеніндей, Республика қабылдаған келісімшарттар арқылы қалыптасатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері Конституцияға қарама қайшы келмеуі керектігін атап көрсеткен болатын. Республиканың егемендігі оның барлық аумағына таралатыны және Конституция арқылы бекітілген унитарлылығын және мемлекеттің аумақтық тұтастығын, республиканың басқару формасын өзгертуге жол берілмейтіндігі туралы нормаларды бұзатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері Қазақстан үшін міндетті болып табылмайды. Сонымен қатар, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандығына селкеу түсіретін халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері қолданылмайды. Осыған байланысты, халықаралық шарттарға қол қойылғанға және олар бекітілгенге дейін Конституцияға сәйкестігі тұрғысында оларды тексеруді қоса отырып, сарапшылық деңгейін арттырған жөн», - деді И. Рогов.
Конституциялық Кеңестің пікірінше, Негізгі Заңның ұлықтығын және тікелей қолданылуын сөзсіз және тиісті түрде қамтамасыз ету, конституциялық материалдық және процессуалдық ережелерді қалтқысыз сақтау бүкіл мемлекеттік және қоғамдық институттар, лауазымды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті талап болып табылады. «Халық қалауын заңдарда және өзге де маңызды мемлекеттік актілерде білдіру, сонымен бірге азаматтардың жария институттарға ықпал ету рәсімдерін үнемі жетілдіру жұртшылықтың ішкі тұрақтылығының, экономикалық дамуы мен әл ауқаты жақсаруының пәрменді кепілі болып табылады», - деді Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов.