Бұл бүгін Алматыда Халықаралық төрелік және ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының жанындағы Аралық сот арбитрларының кездесуінде айтылды.
"Соттардың жүктемесі жоғары. Онда істі қарау барысы ұзақ уақытқа созылып кетеді. Одан кәсіпкер ақшасын да, уақытын да жоғалтады. Ал Аралық сотта іс 1 рет қана қаралады. Дауласушы тараптар арбитрді өздері таңдап, сот отырысы уақытын өздері белгілейді. Онда іс 1 айдың ішінде қаралып, екі тарап ортақ шешімге келеді. Тәжірибе көрсеткендей, Аралық сотта дау-дамайдың 30 пайызы сотқа дейін шешіліп, дауласушылар өзара бейбіт келісімге келеді", - дейді ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Ерлан Қожасбай.
Жалпы ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы Халықаралық төрелік сот пен Аралық соттың арбитрлерінің жаңа тізбесі 2010 жылы 22 шілдеде бекітілген еді. Онда 250 адамның 105-і іріктеп алынды. Е.Қожасбайдың сөзіне қарағанда, былтыр Халықаралық төрелік сот пен Аралық соттың басқару органы да қайта жаңарды. ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы дауды шешудің ұтымды жолын насихаттау мақсатында еліміздің барлық аймақтарында тұрақты түрлі кездесулер өткізіп, Аралық соттың артықшылықтарын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өйткені Аралық сот туралы естігенмен оның жұмысының тиімділігінен әлі де хабарсыз кәсіпкерлер аз болмай отыр. Олар өзара дау-дамайларын шешуде әлі де Сотқа жүгінуін жалғастыруда. Сот үдерісі кезінде олардың ұтқанынан ұтылғаны көп. Оны Жоғарғы сот төрағасы да мойындап отыр.