Оның барысында академияның атқарған жұмыстарына қолдау көрсеткен, түркі әлемінің ақпарат кеңістігіне еңбегі сіңген бірқатар БАҚ басшыларын марапатталды.
«Түркі дүниесінің білім, ғылым саласындағы жетістіктерін насихаттауға және түбі бір туыс халықтар арасындағы ынтамақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін марапаттадық»,-деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Атап айтқанда, академияның Алғыс хаты «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абрахмановқа, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджановаға, «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Айдос Қыдырмаға табысталды.
Мұнымен қоса, Халықаралық Түркі академиясының Құрмет грамотасымен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, профессор Намазалы Омашев марапатталды. Сонымен бірге Дархан Қыдырәлі бүгінгі марапатталғандардың барлығына академияға мүшелігін білдіретін төсбелгілерді табыстады.
«Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Президенті бүгінде Түркі әлеміндегі интеграциялық құрылымдардың барлығының ұйытқысы, бастамашысы. Былтырғы Түркі Кеңесінің саммитінде Елбасы түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру және ортақ телеарна құру жөнінде бастама көтерген болатын. Осы орайда журналистердің кәсіби мерекесіне сәйкес, ортақ телеарнаның форматы, сондай- ақ ақпараттық кеңістіктің жағдайы туралы пікір алмасу үшін еліміздің белді әрі беделді БАҚ басшыларын шақырдық»,-деді академия президенті.
Айта кетейік, биыл Астанада өтетін Түркі Кеңесін құрушы елдердің саммитінде аталған мәселе қарастырылады деп күтілуде. Бұл тұрғыда дөңгелек үстелде айтылған ұсыныстар мен пікірлерді академия жинақтап, Түркі Кеңесінің назарына ұсынбақ.
Өз кезегінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абрахманов түркі дүниесінің тұтастығы қай кезде де көкейкесті екенін атап өтті.
«Түркі әлемі тұтастығының үлкен бір тетігі - ол біртұтас ортақ ақпараттық кеңістік. Егер біздің халықтарымыз бір-бірінің тыныс-тіршілігінен жақсы хабардар болып отырса, олардың бауырмалдығы арта түседі. Сонымен қатар бір-біріне барыс-келісі көбейсе, туысқандығымыз артады»,-деді ол.