Түркі әлемінің ғылыми және интеллектуалдық платформасына айналуды көздейтін порталда Академияның барша жаңалықтары мен жобалары туралы толық мәліметтер жарық көреді. Портал арқылы Түркі музейі мен түркітану саласы бойынша мол кітап қоры бар кітапханамызға виртуалды саяхат жасау мүмкіндігі қарастырылған, деп хабарлайды Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, тамыры бір Түркі ұлыстарының тыныс-тіршілігінен ғылыми-танымдық деректер ұдайы жарияланады.
Айта кету керек, Түркияның Бодрум қаласында 2014 жылғы 5 маусымда өткен Түркі Кеңесінің ІV Саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру жөнінде бастама көтерген болатын. Осы ретте, «Ақпарат және медиа саласындағы ынтымақтастық» тақырыбымен өтетін Түркі кеңесінің V Саммиті қарсаңында Халықаралық Түркі академиясы жаңа интернет-портал арқылы Мемлекет басшылары тапсырмаларын орындауға өз үлесін қосып отыр.