АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бокстан Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған халықаралық турнирде қазақстандықтар он «алтын» медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық турнирде Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қытайдан 177 боксшы келді. Олар он үш салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Ел құрамасынан он былғары қолап шебері жеңіс тұғырына көтерілді. Олардың қатарынан Даниял Сәбит (51 келі), Дамир Әбдіқадыр (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Бейбарыс Жексен (60 келі), Сұлтан Мусинов (63,5 келі), Ділмұрат Мижитов (67 келі), Дархан Дүйсебай (71 келі), Аятулла Тәкіжанов (75 келі), Ерасыл Жакпеков (80 келі) және Шаймұрат Құсайынов (86 келі) бар.
Ал Қытай құрамасынан Ашан Резибек (92 келі) пен Абудурешити Ремула (92 келіден жоғары) «алтын» алды.
Тағы бір «алтын» қырғызстандық Жениш Улпатовқа (48 келі) бұйырды.
Еске салсақ, бұдан бұрын аралас жекпе-жек шебері Әли Қабдулла беделді промоушнде нокаутпен жеңіске жетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.