Халықаралық ұйымдар Қазақстанның экожүйесін дамытуға үлес қоспақ
12:21, 12 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы мен Жаһандық экологиялық қор Қазақстанның экологиялық жүйесін дамытуға үлес қоспақ.
Бұл туралы бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының Астанадағы өкілдігінде өткен жиын барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жиынға қатысушылардың мәлімдеуінше, Қазақстан Үкіметі БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен және Жаһандық экологиялық қормен бірлесе отырып, «Далалық экожүйені тұрақты басқару және сақтау» атты жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Аталмыш жоба 5 жылға жоспарланған. Оған сәйкес, жобаны жүзеге асырушылар еліміздің экологиялық жүйесін толық қорғау мақсатында ауқымды шаралар атқаратын болады. Сонымен қатар, экологиялық жүйедегі табиғи ресурстарды сарқа пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы тетіктерді қалыптастырып, табиғатты қорғау жүйесін жетілдірмек. Алғашында аталмыш жоба еліміздің Қостанай, Ақмола, Қарағанды сияқты облыстарында жүзеге асырыла бастайды. Одан әрі бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің Батыс бөлігіне қарай ойыспақ. Жобаның құны 23,7 миллион АҚШ долларын құрайды. Қаржы Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мен Жаһандық экологиялық қор тарапынан бөлінбек.