Халықаралық ұйымдардың Қазақстанға қатысты есептерінің барлығы бірдей шындыққа сай емес

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Халықаралық ұйымдардың Қазақстанға қатысты есептерінің барлығы бірдей шындыққа сай емес. Бұл туралы бүгін «2012 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» және «Қазақстан Республиткасныдағы мигранттар құқықтарының ахуалы туралы» баяндамаларының халықаралық тұсаукесерінде ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов айтты.

Министрдің атап өтуінше, бүгінгі таңда Қазақстанның халықаралық кеңістігінде жүздеген халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеуде. Олар еліміздің құқық қорғау секторымен серіктестік орнатып, гранттар алып, ол гранттары Қазақстанның демократиялық дамуы саласында жүзеге асыруда.

«Барлығы да біздің еліміздегі ахуалға мониторинг жүргізіп, баяндамалар, есептер жасауда. Оларды халықаралық ұйымдарға жөнелтуде. Яғни, олар бұл саладағы Қазақстан туралы қоғамның ой-пікірін қалыптастырады. Дегенмен, біздің көзқарасымызша, аталған ҮЕҰ-лердің, оның ішінде шетелдік үкіметтердің де есептерінің барлығы бірдей шындыққа сай келмейтіндігін атап өткім келеді. Олар тек ел әлі де жұмыс жүргізіп отырған проблемаларға ғана назар аударады әрі оны Қазақстанның саяси реформа жүргізуге құлықсыздық танып отырғандығын қуаттайтын факті ретінде көрсетеді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, олар мемлекет қол жеткізген көрнекті нәтижелерді байқамайды не болмаса ол жайында үнсіз қалғанды жөн көреді. Дегенмен Е.Ыдырысовтың пайымынша, елімізде жүргізіліп жатқан мұндай біржақты жұмысқа қарамастан Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың тырысып бағуынан пайда да көріп отыр.