Халықаралық валюта қоры Қазақстанның қазіргі таңдағы ақша-кредиттік бағамы бойынша ұстанған саясатын оң бағалайды
15:01, 20 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 20-cы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Халықаралық валюта қоры Қазақстанның қазіргі таңдағы ақша-кредиттік бағамы бойынша ұстанған саясатын оң бағалайды.
Қазақстандағы қаржылық, экономикалық жағдай бойынша сараптамалар жүргізіп, ел Үкіметімен дағдарыс жағдайындағы экономикалық саясат мәселесін талқылаған Халықаралық валюта қоры алдын ала осындай қорытынды жасап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда ақпан айында жүргізілген теңге девальвациясынан кейін инфляцияны тиімді ұстап тұру байқалады. Біз қазіргі таңда ақша-кредиттік бағамы бойынша ұстанған саясатты орынды деп санаймыз. Сонымен бірге, сұранымдардың төмен болуы жағдайында елдегі инфляция деңгейі 9 пайыздық көрсеткіште сақталады, ал одан кейін 2010 жылға қарай біртіндеп төмендейді деп күтілуде. Ал инфляцияның төмендеу үдерісі байқалған уақытта бірқатар экономикалық саясатты одан әрі ырықтандыруға мүмкіндік туады. Дегенмен, ішкі депозиттерді ұстап, банктердің орнықты қаржылық базасына көшуіне көмектесу үшін нақты пайыздық ставкаларды қалыпты деңгейде сақтаған маңызды болып табылады», делінген Қордың жасаған қорытындысында.
Сонымен бірге, Халықаралық қор Қазақстандағы айырбас бағамы саясаты бойынша қаржы секторындағы проблемалар шешілмейінше, АҚШ долларына басымдық беруді орынды деп санайды. «Ағымдағы жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда мұнайға бағаның біршама көтерілгенін, шетелдік тікелей инвестициялардың әсіресе энергетика саласында жоғары деңгейде сақталуын есепке ала отырып, сондай-ақ екіжақты негізде жаңа қаржыландырудың енгізілгеніне орай, жақын аралықта валюталық нарықтағы қаржылық ағын теңгерімді болуы шарт, онда да банк секторына деген сенім одан сайын төмендеп кетпеуі тиіс. Осының өзі ҚР Ұлттық банкі жариялаған доллар бағамын тиімді сақтап тұруға мүмкіндік береді», делінген Қор тарапынан шығарылған қорытындыда.