Халықаралық негізгі зерттеудің нәтижесінде облыстың 4-сынып оқушылары «Математикалық сауаттылық» бойынша 556 балл жинап, республикалық көрсеткіштен 44 баллға жоғарылады. Ал 8 сынып оқушылары 584 балмен республикалық көрсеткіштен 96 балл жоғары орналасты. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Сондай-ақ, «Жаратылыстану сауаттылығы» бойынша 4-сынып оқушылары 545 балл жинап, республикалық көрсеткіштен 51 баллға жоғары нәтиже көрсетті. Ал 8 сынып оқушылары 559 балл жинады. Бұл республикалық көрсеткіштен 81 балға жоғары. Жалпы TIMSS халықаралық негізгі зерттеуіне облыс бойынша 17 білім мекемесінің 4-сыныптың 396 оқушысы, 8-сыныптың 402 оқушысы қатысқан. Сонымен қатар, 4-сыныптың 21 жетекшісі мен 8-сыныптың 110 жаратылыстану-математика бағытындағы пән мұғалімдері арнайы берілген сауалнамаларды толтырған»,-делінген басқарма хабарламасында.
Жалпы, айта кетейік, TIMSS жобасы бастауыш және негізгі мектептің білім сапасын бағалайтын халықаралық зерттеулердің бірі. Бұл халықаралық зерттеудің мақсаты – әртүрлі елдердегі білім жүйесі мен орта мектеп оқушыларының жаратылыстану – математикалық дайындық деңгейін салыстырмалы бағалау және осы дайындық деңгейіне әсер ететін факторларды анықтау болып табылады.