Халықаралық және қазақстандық сарапшылар Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасын талқылады

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада халықаралық және қазақстандық сарапшылар Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасын талқылады.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Рамазан Сарпековтің айтуынша, Палатаға жаңа Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару Кодекстерінің жобалары түскен. Аталған құжаттар іске асырылатын қылмыстық саясатты дамытудың тұжырымды бағыттары болып табылады. «Жоба бойынша қылмыстық іс жүргізудің бұрынғы тәртібі толығымен өзгереді. Қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы қаулы, арнайы шығатын процессуалдық актілер жойылады. Оның орнына бүгін ықшамдап қана жасалған ресми түрдегі актілер енгізіліп, жаңа стандарттар жасалады», - деп атап өтті Р. Сарпеков. Депутаттың атап өтуінше, жоба бірінші рет жасалған немесе әлеуметтік тұрғыдан осал адамдар жасаған қылмысқа қатысты толеранттық ұстанымды кеңейтумен қатар, ауыр қылмыстарға, қылмыстың қайталану көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа және сот төрелігіне қарсылық білдіруге қатысты шараларды қатаңдатады. Сондай-ақ, ұлттық келісім негізіне нұқсан келтірудің және әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез-келген әрекеті үшін қатаң жазалауды көздейді. Шараға ұйтқы болғандар ҚР Парламенті Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы, БҰҰ Жоғары Комиссарының Орталық Азияға арналған Аймақтық бөлімшелер Басқармасы, Астанадағы Нидерланды Корольдігінің Елшілігі мен Құқықтық саясатты зерттеу орталығы.Халықаралық форум үш сессия бойынша өтіп, жан-жақты талқыланған тақырыптар бойынша ұсыныстар айтылып, қорытынды әзірленді.