«Әлемде коронавирус жұқтыру деңгейі өсіп бара жатқанын атап өту керек. Бүгінге дейін індет 215 елге тараған. Әлемде коронавирус жұқтырған азаматтардың саны 41 миллионнан асып кетті. 1 миллион 128 мың 931 адам қайтыс болды. Яғни Еуропа мен Азияда коронавирус жұқтыру деңгейі азаймай тұр», - деді Айжан Есмағамбетова бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет басшысы бұрын автокөлік арқылы Қазақстан шекарасына кіретін жолаушылардан ғана ПТР-анықтама талап етіліп келгенін еске салды.
«Халықаралық транзиттік жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер ПТР-тест анықтамасыз жүре беретін. 26 қазаннан бастап ондай жүргізушілерден де ПТР-тест анықтамасы талап етілетін болады. Бұл анықтама болмаған жағдайда олар шекарада тестілеуден өтуге міндеттеледі. Егер олардың ішінен коронавирус жұқтырғаны анықталса, олар тоқтаған жеріндегі ауруханаға жатқызылады», - деді ол.