Халықаралық журналдарға еңбектері жарияланып тұратын қазақстандық ғалымдар марапатталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Халықаралық ғылыми журналдарға жарияланып тұратын қазақстандық ғалымдар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Springer Nature Awards сыйлығының марапаттау шарасы өтті.

Бұл сыйлық әлемдік ғылымның дамуына үлес қосқан ғалымдарға беріледі.

«Бүгінде қазақстандық ғалымдардың еңбектері әлемнің рейтингі жоғары журналдарында жариялана бастады. Бұл біздің ғылым кеңістігінде үлкен жетістік болып саналады», - деді «Мемлекеттік ғылыми техникалық сараптама» Ұлттық Орталығының президенті Әділ Ыбыраев.

7 аталым бойынша 20 ғалым Springer Nature Awards сыйлығының лауреаты атанды.

«Егер бұрын Web of Science мәліметтер базасында қазақстандық журналдар атымен жоқ болса, қазір ондай 6 журнал бар», - деді Әділ Ыбыраев.

Аталған шараға Орталық Азия елдері Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз республикасының ғылым саласының өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, жас ғалымдарға ағылшын тілінде ғылыми мақала жазудың шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.