Халыққа 10 сотық жер телімін берудің оңтайлы жолдарын қарастыру керек – депутат

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Ұласбек Сәдібеков халыққа 10 сотық жер телімін беру мәселесін көтеріп, ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мәжіліс отырысында азаматтарға 10 сотық жер телімін беру мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдадым. Түркістан облысында 10 сотық жер алу үшін кезекте тұрған халық саны 408 мыңға жеткен. Жер телімін жылдар бойы ала алмай келе жатқан азаматтар бар. Халықтың дені оңтүстік өңірде, Түркістан облысында орналасқан, демек мұнда жер алу, баспана салу мәселесі өте өзекті. Жер туралы кодексте былай жазылған: «азаматтарға үй салуға 10 сотық жер телімін беру үшін алдымен ол жерде қажетті инфрақұрылым болуы тиіс». Ал кей аудандарда 2012-2013 жылдары берілген жерлердің өзі әлі күнге дейін тиісті инфрақұрылыммен қамтылмаған», - деді Ұласбек Сәдібеков Jibek Joly телеарнасының Мәжілістегі мобильді студиясында берген сұхбатында.

Халық қалаулысының айтуынша, жер телімін беру мәселесі бүгін шешілмесе, халық кезегі одан әрі созыла береді.

«Біздің ұсынысымыз - жер телімін беретін кезде тұрғындар үшін оңтайлы жолдарын қарастыру және жер кодексіне өзгерістер енгізу қажет. Азаматтарға жер берсе, үйді өздері-ақ салып алады. Бұл - көп азаматты толғандыратын мәселе», - дейді депутат.


Соңғы жаңалықтар