«Халыққа қызмет ететін қажетті шешім қабылданады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақордада ҚР Президенті Н.Назарбаев Парламент депутаттарының, саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Онда екі тақырып - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту және ҚР Президентінің өкілеттік мерзімін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізу мәселесі сөз болған. «Сөзінің соңында Елбасы референдум өткізу туралы өз ойын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Халыққа қызмет ететін қажетті шешім қабылдаймын» деді. Соған қарағанда, Мемлекет басшысы бұл мәселе жөнінде ойланып көретін секілді», - деп жазады басылым. Бұл мақала «Халыққа қызмет ететін қажетті шешім қабылданады» деген тақырыппен беріліп отыр.

«Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттардың талқысына бір топ заң жобаларын ұсынды. Олардың арасында Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшілігінің және Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшілігінің қажеттері үшін Астана қаласы мен Бішкек қаласында ғимараттар мен жер учаскелерін өтемсіз пайдалануға беру туралы екі ел арасындағы өзара келісімді бекітуді көздейтін заң жобасы бар. Сонымен қатар бюро отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу мәселелері қаралды. Олардың ішінде еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» және осы заң актісіне орай кейбір заңдарға түзету енгізуді қарастыратын заң жобалары бар.

«Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі нөмірінде жарық көрген «Көне бизнестің көлеңкесі көп...» деген мақалаға жәдігерлер төңірегіндегі түйткілдер арқау болған. «Осы уақытқа дейін қазақ топырағында тарихымызға тың үлес қосатын нешеме мыңдаған жәдігерлер табылғанымен солардың барлығы да мұражайдың төрінен орнын таба алды ма? Жоқ. Жауһар жәдігерлеріміздің қолды болуына заңымыздың солқылдақтығы себепші. Негізі көне бұйымдар бизнесі өте көп табыс түсіретін қомақты сала болып есептелінеді. Тіпті әлемдік мүйізі қарағайдай сарапшы-мамандар оны табысы жөнінен үшінші орынға шығарып жүр. Әрі көне жәдігерлердің әлемдік нарықтағы құны жыл жылжыған сайын 20-30 пайызға дейін өсіп отыратынын алға тартады. Сол себепті де шетелдік коллекционерлер анау-мынау кәсіпкеріңді шетке ығыстыра алады. Негізі, әлемдік талап бойынша жеке коллекционерлердің қолындағы ұлттық мұраға жататын көне жәдігерлер тізімге алынып, арнайы сертификат берілуі тиіс. Бұл үшін елімізге дәл қазіргі таңда антиквариат туралы заң ауадай қажет. Мәселен, Ресейде антиквариат дүкендеріндегі заттарды тек Ресей азаматына ғана сатуға рұқсат бар», - делінген мақалада.

Осы басылымда «Қос «дінтанудың» қайсысын таңдаймыз?» деген тақырыппен берілген мақала мектептерде оқытыла бастаған қос дінтану пәні төңірегіндегі пікірталастарға арналған. Басылымның жазуынша, 2009 жылы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есімнің жетекшілігімен құрастырылған «Дінтану негіздері» атты оқулық ұсынылып, аталған оқулық сан рет толықтыра отырып, бас-аяғы 11 мәрте сараптамадан өтпей, ақыры арнайы сараптау комиссиясымен «оқу құралы» ретінде бекітіледі. Ал БАҚ беттерінде Ғ. Есім құрастырған «Дінтану негіздері» оқулығының мектеп оқушыларының түсінігіне өте ауыр болып келетіні және тым ғылыми әрі монографиялық сарынға ие екені жазылып жатты. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігіне профессор Досай Кенжетайдың жетекшілігімен құрастырылған «Дінтану» оқулығы сараптамаға ұсынылады. Сараптамадан өткен бұл оқулықты Білім министрлігі де бекітеді. Алайда оқулық дауы Министрліктің мөрімен аяқталған жоқ. Сенатор Ғарифолла Есім Д.Кенжетайұлының «Дінтану» оқулығы мектептерге жарамсыз деп есептейді екен. Оның орнына бұған дейін министрлікпен «оқу құралы» ретінде бекітілген, өзінің жетекшілігімен құрастырылған «Дінтану негіздерін» ұсынады. Қазір қос оқулық та та көптеген сын пікірлерге ұшырауда.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Лукойл» компаниясының президенті Вагит Алекперовты қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, В.Алекперов Президентті «Лукойл» компаниясының Қазақстанның мұнай өңдеу саласындағы 6 млрд.-қа жуық АҚШ долларын құрайтын инвестициясы туралы хабардар етті. Биылғы жылы компания Ақтөбе облысындағы ірі газ өңдеу кешенін пайдалануға береді. Сондай-ақ, елімізде іске асыру үшін бірқатар индустриялық-инновациялық жобалар қарастырылуда. «Қазақстан шет ел инвестициясының сенімді қорғалуы қамтамасыз етілген әлемнің аздаған елінің бірі болып табылады. Бұл - Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке еңбегінің нәтижесі. Бүгінде ол 20 жыл бойы Қазақстанға тартылған инвестициялардың кепілі болып табылады. Осы 20 жыл ішінде республика қалай құрылғанын, қалалар қалай салынғанын көріңіз. Әрине, бұл - Президенттің еңбегі, оның инвестицияны ынталандыру және республиканың салық салу базасын ұлғайту үшін жүргізген саясатының жемісі», - деп атап өткен В.Алекперов.