Халыққа қызмет көрсету орталықтары Ықпалдастырылған автоматты жүйеге қосылатын болады - жобалаушылар

Халыққа қызмет көрсету орталықтары Ықпалдастырылған автоматты жүйеге қосылатын болады - жобалаушылар

АСТАНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен жеделдігін арттыру мақсатында республиканың халыққа қызмет көрсету орталықтары Ықпалдастырылған ақпараттық жүйеге қосылатын болады. Жаңа жүйенің мәні мен маңызы туралы баяндап беру үшін бүгін оны әзірлеуші «Ай-Теко» және Amdocs компаниялары журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚО) ұлттық жүйесін автоматтандыру мәселесі «электронды үкімет» және «Ақпараттық теңсіздікті төмендету» ұлттық бағдарламаларының қағидаттары негізінде 2008 жылдан бері әзірленуде. ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің болжауынша, электронды жүйелерді енгізу бойынша кешенді жобаны Қазақстанның бүтін аймағында жұмыс істейтін 300 ХҚО-ға (олардың саны күн санап артып отырғанын ескергенде) енгізу үшін үш жыл уақыт (2008-2010 жж.) қажет.

 Бүгінде ХҚО-лар Ықпалдастырылған ақпараттық жүйе (ЫАЖ) арқылы азаматтарға қызметтердің төрт түрі (азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жылжымайтын мүліктің жоқ, немесе  бар болуы туралы анықтама беру, 18 жасқа толмаған балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, дәрілік заттарды әкелуге (шығаруға) келісу-хатын беру бойынша қызметтерді ұсынып отыр. Жыл соңына дейін тағы 60 қызметті автоматтандыру көзделсе, 2010 жылдың соңына қарай оның саны 132-ге жеткізілетін болады. Электронды үкімет бағдарламасы шеңберінде толыққанды жұмыстар атқару үшін, одан кейінгі қадам ХҚО-ның Ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін республиканың басқа ведомстволық және ұлттық ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру болып табылады.

 Жоба менеджері Артем Кожуховтың айтуынша, жүйе іске қосылғаннан кейін өтініш берушілер ХҚО-ға - телефон, факс, электронды пошта, SMS, интернет және ақпараттық дүңгіршектер сияқты арналарды қолдана отырып сұрау сала алады.

 «ХҚО ЫАЖ-ны енгізу жобасы Қазақстан Республикасы үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алу кезінде ыңғайлылық пен уақытты үнемдеу қамтамасыз етілсе, әр өтініш бойынша қызмет көрсету процесстерін қадағалау функцияларының кеңейтілуі, жемқорлықпен және қиянатшылықпен күресуге, биліктің ашықтығын арттыруға қосымша құрал болады», деді ол.