Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жергілікті атқарушы органдардың құзырына беру, ертелеу қолға алынған шара болды - Мәжіліс депутаты

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жергілікті атқарушы органдардың құзырына беру, ертерек қолға алынған шара»,

деп есептейді Парламент Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев. Ол бұл пікірін бүгін Әділет министрлігінде Мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімділігін бақылау және оған мониторинг жүргізу жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мәжілісінде білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын қолға алу өте ұтымды шара болды. Бұны біз тәжірибе жүзінде көріп отырмыз. Алайда оны жергілікті органдардың құзырына бергелі, жағдай жақсарған жоқ. «Онда тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің орталықтандырылған жүйесі қалыптаспай отыр. Нәтижесінде қазір аймақтардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзынсонар кезек. Осыған орай қазір осы саланың жұмысын жетілдірудегі тиімді бағыттардың бірі ретінде халыққа қызмет көрсету орталықтарын қайтадан Әділет министрлігінің құзырына беру қажет болып отыр. Алайда Әділет министрлігі осы орталықтарда көрсетілетін қызметтің жартысына жуығын өздері көрсетеді. Қалыптасқан мәселенің тағы бір шешімі - халыққа қызмет көрсету орталықтарын Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беру. Өйткені орталықтарда көрсетілетін қызмет түрлерін тап осы агенттік анықтаған болатын. Бірақ бүгінгі күні агенттік өкілдерін бұл мәселе аса толғандырып отырған жоқ. Себебі олар қызмет көрсету жұмыстарымен айналыспайды. Әрине, бұл мәселеге қатысты соңғы шешімді үкімет айтады. Ал біздің келтіріп отырған мысалдар тек ұсыныс қана», деді депутат.