Халықпен байланыс деңгейі төмен бизнес нысандарының жұмыс уақытын шектеу алынып тасталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ведомствоаралық комиссия халықпен байланыс деңгейі төмен бизнес нысандарының жұмыс уақыты бойынша шектеуді алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылғы 21 қарашадан бастап қызметі келушілермен тікелей байланысты емес кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс уақыты бойынша шектеу алынып тасталады: авто экспресс (тамақты өзімен бірге алып кету), көлік жуу, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу стансалары, тігін шеберханалары, тұрмыстық техника, аяқ киім, телефон, компьютер, сағат жөндеу, кір жуу және химиялық тазалау орталықтары», делінген ВАК шешімінде.

Комиссия 21 қарашаға дейін халықпен байланыс деңгейі төмен бизнес нысандарының қосымша тізімін дайындауды тапсырды.

Еске сала кетсек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2020 жылғы 16 қарашадағы COVID-19 таралуына қарсы іс-қимыл бойынша берген тапсырмалары шеңберінде нақты шаралар әзірленді.