Талқылау барысында И. Меркель қолданыстағы заңға сәйкес, ағымдағы жылдан бастап республикамызда халықтан травматикалық қаруларды сатып алу басталғанын айтып өткен болатын. Оның сөзіне қарағанда, аталған науқанға бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
«Қазірдің өзінде жарақат салатын травматикалық қарудың 38 мың бірлігі алынды. Олардың басым бөлігі қолдануға әбден жарамды. Дегенмен, қолданыстағы заңда бұлардың жойылуға жататыны көрсетілген. Осыған байланысты, біз сол қаруларды жойып, бюджет қаражатын шығындаудың орнына, ондай қаруларды құқық қорғау қызметкерлеріне қызметтік қару ретінде пайдалануға беруді жөн санаймыз. Заң жобасында осындай өзгерістерді ұсынып отырмыз», - деді құжат бойынша түсіндірген И. Меркель.