Халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты анықтау мен тәркілеу шарасы басталды
13:54, 15 Маусым 2010
АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астанада «Қару» жедел алдын алу шарасы басталды.
Бұл туралы бүгін апталық брифингте Астана қалалық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Бүгін, маусымның 15-інде Астана қаласы аумағында «Қару» жедел алдын алу шарасы басталды. Шара маусымның 17-іне дейін жалғасады», - деді ол. Халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты, оқ-дәрілерді анықтау мен тәркілеу мақсатында өткізілетін іс-шараға Ішкі істер департаментінің барлық құрылымдары жұмылдырылатын болады.
«Осы операция барысында азаматтардың өз еріктерімен қару-жарақтарды тапсырулары керектігі жайында көлемді әрі түсінікті әңгіме жүргізілетін болады. Атыс қарулары мен оқ-дәрілерді заңсыз айналымнан алу мәселелері қалалық Ішкі істер департаментінің қатаң қадағалауында тұр», - деді Н. Ораз.