Халықты әлеуметтік қорғау және тұрғын үй мәселелері Президентке жолданған сұрақтардың алдыңғы қатарында

None
АНА. Қарашаның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Мемлекет басшысының атына жолданған сұрақтардың ішінде ең көп талқыланатын тақырыптар рейтингісінің алдыңғы орнында - адам құқықтары мен заң талаптарының сақталуы мәселелері болса, халықты әлеуметтік қорғау саласы мен тұрғын үй мәселелері санаттар бойынша қойылған сұрақтардың тізімін бастап тұр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2009 жылғы қарашаның 13-і күні ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халықпен тікелей эфирде болатын жүздесуіне сауалдарды қабылдайтын Байланыс орталығына осы уақытқа дейін барлығы 6667 сұрақ жолданды. Олардың ішінде ең көп қойылған сұрақтар - халықты әлеуметтік қорғау (1371), тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (1280), заң және құқық тәртібі (605), білім және ғылым (465), банктер және қаржы жүйесі (274), адам құқықтары (267) мен денсаулық сақтау (268) санаттарында. Сондай-ақ, www.line.gov.kz сайтына орналастырылған аталмыш салалар бойынша сұрақтар ең көп оқылатын тақырыптардың қатарында.

Жиі қаралатын тақырыптардың тізімінде, сондай-ақ  гендерлік саясат және отбасы, адам құқықтары мен заң талаптарының сақталуы, демография және көші-қон мәселелері бар.

Аймақтар бойынша алғанда Атырау облысы (14%) , Алматы қаласы (13%), Ақмола облысы (11%), Алматы облысы (11%), Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары (8%) белсенділік танытуда.