Халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа бағдарламасын наурызда қабылдау қажет - Үкімет басшысы

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа 2020 жылға есептелген бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Осы тапсырманы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктеген Үкімет басшысы атап көрсеткендей, Елбасы берген тапсырмаларына сәйкес, аталған бағдарлама өздігімен жұмыс істеп жүрген азаматтардың, жұмыссыздар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың мүддесін қорғауы тиіс. «Бұл бағдарламаны біз, ең алдымен, келесі аптада өтетін министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде қарап, ақпанның 7-сі күні Үкіметтің селекторлық отырысында министрдің баяндамасы тыңдалады. Одан кейін бағдарламаның жобасы облыс әкімдерінің қарауынан өтуі тиіс. Біз оны ағымдағы наурыз айының ортасына дейін қабылдауымыз қажет. Сол себепті еліміздегі әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша тиісті ұсыныстарды бір айдың көлемінде Үкіметтің қаруына енгізуді тапсырамын», - деді К.Мәсімов.