Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуді көздейтін «Ақбұлақ» бағдарламасы тыңғылықты зерделенген - Қ. Айтаханов

None
АНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақ бұлақ» бағдарламасы тыңғылықты зерделенген. Бұл туралы бүгін селекторлық форматтағы Үкімет отырысында Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов айтты.

Бұл бағдарламаның әлеуметтік маңызы ерекше екеніне тоқталған депутат, бағдарлама орындалған жағдайда қала мен ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетінін жеткізді.

«Онымен танысып шықтық. Атап айтқанда, бағдарлама жан-жақты зерделеніп, зерттелген. 944 миллиард теңге халықты тек қана сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалып отыр. Бұның өзі біздің мемлекетіміздің экономикалық қуатының қаншалықты өскендігін көрсетеді»,-деді Қ. Айтаханов.

Су мәселесі халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысына тікелей байланысты екеніне тоқталған депутат, «2008 жылы әлемде қаржы дағдарысы жүріп жатқанда Көксарай су реттегіші құрылысы іске асырылды. Міне біз соның нәтижесін көріп отырмыз»,-деді.

Осы тұрғыда ол аталған су тоспасында қысқы-көктемгі уақытта жиналған тасқын судың көлемі 1 млрд. текше метрге жуықтағанын, 2011 жылдың қаңтарынан бастап 3 млрд. текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік болатынын айтып өтті. Үкімет отырысы барысында халық қалаулысы ауызсумен қатар ағын сулардың да мәселесіне жіті назар аудару керектігіне тоқталды. Оның пікірінше, суармалы егістердің өнімділігін арттырып, суармалы жерлердің жағдайын жақсарту тұрғысындағы мәселелерді оңтайлы шешу керек.