Халықты жұмыспен қамту қызметтері түгелдей электрондық форматқа көшіріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықты жұмыспен қамту қызметтері түгелдей электрондық форматқа көшірілуі керек. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік еңбек саласын цифрландыруды күшейту үшін мынандай тапсырмалар беремін. Бірінші. Еңбек мнистрлігі әкімдіктермен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларын электрондық форматқа ауыстырсын. Жұмыс іздеген азаматтардың кемінде 40 пайызына онлайн режимде қызмет көрсетілуі керек.

Екінші. Цифрлық даму министрлігі Еңбек министрлігімен бірлесіп, «Отбасының цифрлық картасы» жобасын іске асыру жұмыстарын 25 наурызға дейін аяқтасын», -деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мнистрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп мүгедектікті сырттай белгілеу жобасын медициналық ақпараттық жүйелерге 1 маусымға дейін қосуды тапсыды.

«Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің осы түрін сырттай алатын адамдардың үлесін кем дегенде 20 пайызға дейін жеткізсін», - деген Үкімет басшысы мәселені бақылауды орынбасары Ералы Тоғажновқа жүктеді.